Конькимен жүгіруден Қазақстан командасының бас бапкері Дмитрий Бабенко отандық спортшылардың бүгінге дейінгі көрсеткішіне тоқталып, Olympic.kz cайтына шағын сұхбат берді.

«Надежда Морозова 3000 метрге жақсы жүгірді. Тіпті, оның бұл қашықтықтағы нәтижесі мен үшін күтпеген жағдай екені де анық. Бірақ 1500 метрге жарысар кезде Надеждаға психологиялық тұрғыдан оңай болмады.

Қанша дегенмен, әлі жас әрі өзі қатысып отырған алғашқы Олимпиада. Ол нағыз бабында еді, медальға таласатын мүмкіндігі бар болатын. Өкінішке қарай, қобалжып кетті. Дегенмен, Морозованың болашағы жарқын.

Бүгін жүлде алмаса да, келесі жылғы әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінетініне сенемін. Егер бізді бақылап жүрген жанкүйер болса, Надежданың бүкіл маусым бойы тұрақты өнер көрсеткенін жақсы біледі.

Ал Екатерина Айдова үшін 1500 метр аса ыңғайлы емес. Ол негізінен 1000 метрге жүгіруге бейімделген. Сол бәсекеге дайындалып жатырмыз», - деді Бабенко.