«Тұран» футбол клубының жаңа ойыншысы Еркін Тапалов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың алға қойған мақсаты мен алған әсері жайлы айтып берді.

- Еркін, қош келдің! «Тұраннан» ұсыныс қалай пайда болды?

- ҚПЛ командаларынан ұсыныс көп келді, бірақ «Тұранның» ұсынысы нақты болды. Клуб басшылығымен, бас бапкермен сөйлесе келе келісімшартқа отыру туралы шешім қабылдадым.

- «Тұран» сапына жақында қосылдыңыз. Командаға үйреністіңіз бе?

- Клуб сапында жүргеніме төртінші күн болды. Осы уақыт аралығында әкімшілік штабпен, жаттықтырушылармен және алаңдағы әріптестерімен танысып үлгердім. Адаптация жақсы өтіп жатыр. Көп ойыншыларды танимын, кейбіреуімен бір командада ойнағанбыз.

- «Тұран» сапында алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

- Командаға жақсы нәтижеге жетуге көмегімді тигізіп, әрі қарай да Қазақстан құрамасының сапына шақырту алу.

- Стадион ұнады ма? Жалпы, бұған дейін Түркістанда болдыңыз ба?

- Мұндай стадионда ойнаудың өзі бір ғанибет, барлық жағынан үздік стадиондардың бірі дер едім! Түркістан көз алдымызда өзгеріп келеді. Өте әдемі қала, тарихи көрнекі орындары көп. Жаңа клубтың сапына қосылғаныма қуаныштымын. Өз кезегімде жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысамын. Соған қоса жанкүйерлерді клубымызды қолдауға шақырамын!