Қазақстандық файтер Бағдат Жұбаныш Абу Дабиде өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын иеленді. Бұған дейін жаһан біріншілігінде екі мәрте үздік шыққан спортшымыз, бұл жолы да қарсылас шақ келтірмей, әлемдік додада үш рет топ жарған тұңғыш ММА спортшысы атанды. Осы орайда, Prosports.kz тілшісі Фараби Әбдіхалық спортшымен байланысқа шығып, турнир, еліміздегі ММА-дың деңгейі мен Бағдаттың аралас жекпе-жектегі болашағы жайлы сұрақтар қойған еді.

- Бағдат, әлем чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Турнир ұйымдастырылу жағынан жоғары деңгейде өтті ме?

- Рахмет сізге. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда өскен. Жекпе-жектердің көбісі төрешілердің шешімімен аяқталды. Ол жоғары бәсекенің көрсеткіші.

- Турнир барысындағы ең қиыны қай жекпе-жек болды?

- Әрине, осындай дәрежедегі халықаралық жарыста жеңіл қарсыластар болмайды. Бәрі мықты. Бірақ жауапкершілігі жағынан қиындау болған жекпе-жек - финалдық белдесу. Себебі, ол - ең соңғы қадам. Бірінші орын алу - маңызды тарихи сәт, сондықтан соңғы жекпе-жек мен үшін ең қиыны болды.