Орта салмақтағы WBO чемпионы америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) титулынан бас тартып, салмақ ауыстыруға шешім қабылдады, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы BoxingScene хабарлады.

Ресми нұсқа — Андраде супер орта салмаққа ауысып, абсолютті чемпион мексикалық Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізгісі келеді. Ол үшін алдымен британиялық Зак Паркермен (22-0, 16 КО) WBO тұжырымы бойынша 76,2 келі салмақтағы уақытша чемпион атағын сарапқа салып, Канелоға міндетті қарсыласы атануды жоспарлап отыр.

Бейресми нұсқа — Деметриус міндетті қарсыласы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (11-0, 7 КО) жұдырықтасқысы келмейді. Ұйым бұл жекпе-жектің промоутерлік саудасы ертең өтеді деп жоспарлаған.

Ақпарат расталған жағдайда, вакантты WBO титулын рейтингте жоғары тұрған боксшылар сарапқа салады. Рейтингте Әлімханұлынан мексикалық Хайме Мунгуия бар, бірақ ол WBC титулы үшін жекпе-жек өткізеді.

Ал Әлімханұлынан кейін WBO рейтингісінде бразилиялық Эскива Фалькао, Дэнни Дигнам және британиялық кіші Крис Юбэнк жайғасқан.

Еске сала кетейік, Әлімханұлы Андрадеге міндетті қарсылас ретінде 30 қарашада бекітілді.