25 қаңтарда «Барыс» өз айдынында жаттығуын қайта бастап, мұз айдынына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі hcbarys сайтына сілтеме жасап.

Бас бапкер Юрий Михайлис командадағы қазіргі жағдай туралы пікір білдірді.- Жігіттердің барлығы біраз демалып, отбасыларымен бірге уақыт өткізіп, қайта іске қосылды. Осылайша, жаңа күшпен жұмысқа кірістік. Жаттығуды қайта бастадық, енді ойыншылардың физикалық жағдайына көп көңіл бөлетін боламыз. Біз осы мәжбүрлі үзіліске дейінгі жағдайға оралуымыз керек. Медициналық қызметкерлер хоккейшілердің денсаулығын үнемі қадағалап отырады.

Әзірге бізде төрт күндік екі цикл бар, көп жұмыс істеу керек. Біз оқу-жаттығу үдерісін лиганың болашақ жоспарлары негізінде құратын боламыз. Әрине, бәріміз ҚХЛ жаңалықтарын асыға күтеміз.Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Томаш Юрчоны құттықтағымыз келеді. Біз оның Олимпиада ойындарындағы өнерін барынша бақылайтын боламыз.Томашқа сәттілік, нәтижелі ойындар, ең бастысы жарақат алмауын тілеймін.