Бейжің Олимпиадасының басталуына 11 күн қалды. Prosports.kz іріктеу кезеңін қорытындылады.

Биатлоннан еліміздің ерлер мен әйелдер құрамалары 2006 жылдан бері алғаш рет эстафеталық жарыста Олимпиадаға жолдама ала алмады, миксте де өнер көрсетпейміз. Осы орайда бар үмітіміз тек жекелей жарыстарда.

Шаңғы жарысынан ерлер құрамасы Олимпиада эстафетасының тұрақты қатысушысы болып келген, 24 жылдан бері алғаш рет жігіттерімізді жарыс жолында көрмейтін болдық. Кейінгі рет 1998 жылы Нагано ойындарында бізде эстафеталық ерлер командасы болған жоқ. Бірақ эстафетада қатарынан екі Олимпиаданы өткізіп алған әйелдер құрамасы, керісінше, Олимпиадаға оралады.

Шорт-трекерлер де қуантпады, әсіресе эстафетадағы жігіттер. Бір ғана жұбаныш, аралас жұптағы жарыста Қазақстан намысын қорғайтындар бар.

Конькишілер де командалық жарысқа қатыспайды.

2006 жылдан бері қазақстандықтар шаңғымен секіруден командалық турнирге қатыспаған. Бұл жолы да қатыспайды, өйткені тек екі квота алынды.

Айта кетерлігі, қазақстандықтар керлингте, хоккейде, қоссайыста, шаңғышылар арасындағы командалық параллель слаломда, шана жарысындағы эстафетаға қатыспайды. Қазақстан тек акробатика микстінде өнер көрсетеді.