Жерар Гоудың агенті Сергей Новиков Prosports.kz сайтына сұхбат беріп, ивуар шабуылшысының «Ақтөбе» ФК оқу-жаттығу жиынына қосылғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

«Иә, Жерар шынымен де «Ақтөбенің» оқу-жаттығу жиынына қосылды. «Қасымпашамен» келісімшарты аяқталғаннан кейін ол жарты жыл бойы командасыз болды. Түрік клубымен соттасып, қиын кезең болды. Құдайға шүкір, футболшы үшін бәрі жақсы аяқталды - ол істі жеңді, бірақ алтындай қымбат уақытын жоғалтты. Гоу футбол ойнамай, клубтың үнемі қысымында болды.

Жерарға футбол ойнауға мүмкіндік бергені үшін «Ақтөбе» ФК басшылығына, команданың бас бапкеріне алғысымды білдіргім келеді. Ол шын мәнінде әлемдік деңгейдегі шебер, онымен келісімшартқа отырса, клуб қателеспейтінін іс жүзінде дәлелдейді. Ол клубқа маңызды тапсырмаларды шешуге көмектесетін шабуылшы - мен бұған күмәнданбаймын.

Оның артық салмағы туралы айтар болсақ, футболшы ұзақ уақыт үзілістен кейін келді, мұндай жағдай жиі кездеседі, сондықтан Гоу да солай. Бірақ оның салмағы, әрине, баспасөзде айтылғандай емес (106 кг - еск), ол көп жұмыс істеп жатыр және менің ойымша, 7-10 күннен кейін ол жалпы топта жұмыс істей алады. Бапкерлік штаб өз ісіне кәсіби тұрғыдан қарайды, ойыншыны оңтайлы бабына келтіруге тырысады.

Жерар тер төгіп, еңбек етіп жатыр, бапкердің алға қойған барлық тапсырмасын орындайды. Тағы да айтамын: Гоу – футбол алаңында бәрін сөзбен емес, іс-әрекетімен дәлелдейтін ойыншы. Сондықтан кейбір мәселесі мен артық салмағы туралы жазып жатқан сыншылардың бәріне жалынды сәлем айтамын, олардың сөзін жазда, маусымның соңында еске түсіреміз», - деді Новиков Prosports.kz сайтына.