Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы әрі капитаны Игита қазақстандық жанкүйерлерге видеоүндеу жазып, онда Эдсонның Қазақстан азаматтығын алуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Сәлем, Қазақстан халқы! Соңғы кездері Қазақстан құрамасындағы бес легионер туралы пікірлерді, хабарламаларды, жазбаларды көп оқып жүрмін. Мен ұлттық құраманың капитаны және легионерлердің бірі ретінде өз пікірімді айтуым керек.

Біріншіден, бұл автоматты процесс екенін айтқым келеді, өйткені жақында жаңа іріктеу басталады, мен, Лео, Дуглас жас емеспіз. Күшіміз әлі көп, бірақ жас емеспіз. Сондықтан болашақты ойлауымыз керек. Азаматтықты кез келген ойыншы ала алмайды, тек соған лайығы алады. Менің ойымша, Эдсон лайық болды, дәлелдеді және өзінің мінезін, ойынын көрсетті. Оған қоса, бізге көп көмегін тигізетін және Қазақстан құрамасын одан сайын күшейтетін бір ойыншы қосылды.

Кейінгі алты-жеті жылда Қазақстан өте жақсы ойнап жүр, халық бізге қарап отыр. Егер жыл сайын күшейетін болсақ, бұл жақсы. Бірақ бұл жыл сайын тағы бір легионер азаматтық алады деген сөз емес. Біз, легионерлер, осында келіп, бар жан-тәнімізбен ойнаймыз, бар эмоциямызды береміз және Қазақстанда футзалдың дамуына көмектесеміз. Лео екеуміз келгеннен кейін елде футзал дами бастағанын байқауға болады. Содан кейін Дуглас, Тайнан келді, біз одан сайын дамып жатырмыз. Сондықтан, менің ойымша, Эдсонның азаматтық алуы - тек пайда. Ол да біз сияқты алаңда барын салады деп ойлаймын.

Біз бұл ойынмен өмір сүреміз. Қазақстан сапында нағыз патриоттар сияқты ойнаймыз! Бәрі жақсы болатынына күмәнім жоқ. Киінетін бөлмедегі климат пен атмосфера да жақсы. Біз дайындалып, медальдар үшін күресеміз. Қиын екенін білеміз, қиын топқа түстік. Біз барынша ниет-жігерімізді білдіреміз деп уәде беремін. Таяу арада Қазақстан халқы бізді қолдап, жеңістерге жетелейді. Алға, Қазақстан», - деді Игита Instagram желісінде жарияланған видеода.

Еске салайық, футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты Нидерландыда 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы Финляндия, Италия және Словения командаларымен бірге В тобында өнер көрсетеді.

Фото instagram.com/leohiguita2