2008 жылғы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы мен мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.

«Спорт қайта зардап шегіп отыр... Барлық оқиғадан кейін пайда болған үміт Қазақстан бас бапкерінің сөзінен кейін сөнді, ол осы оқиғаға байланысты біздің спортшылар Азия чемпионатына бармайтынын айтты. Қайрат Сәтжанов «Кейінгі оқиғаларға байланысты ҚР ҰОК барлық оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарға қатысудан бас тартты» дейді.

ҰОК неге сүйеніп мұндай шешім шығаратынын айта аласыз ба? Мұны ҰОК емес, Спорт және мәдениет министрлігі шешеді, бұл олардың құқығы. Ұлы соғыстар кезінде де Олимпиада ойындары өтіп, соғыстарға қарамастан барлық ел қатысқан. Спорт әрқашан барлық халықты біріктірді. Қазір еліміздің рухын, туын биікке көтеретін спортшыларымыз өте қажет.

ҰОК шешіміне сілтеме жасайсыздар. Ал бұл құжатты жария етіңіздерші, бұл шешімге нақты кім қол қойды? Бүкіл Азияның алдында Қазақстан абыройын төгу еркіндігі кімде бар? Біз «Азиядағы кубалықтармыз», біз құбылыспыз, бүкіл Азия қазақ боксына тіреліп тұр, бізді бұдан, ал боксшыларымызды Азия жүлделерінен кім айырды?», - деді боксшы.

Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан намысын қорғап, 2005, 2006, 2007 жылдары қатарынан Азия чемпионы атанғанын еске салды. Осы күнге дейін ешбір боксшы оның нәтижесін қайталамағанын айтты.

«Мен Өзбекстан сапында көрсеткен нәтижені айтып отырған жоқпын. Ал осы Азия ойындары мені 2008 жылы Бейжіңде жеңіске жетуіме шабыттандырды. Мен Кубаны 40 жылда бокстан алтын медальсыз қайтарған адаммын. Осының бәріне мен Азия чемпионатындағы жетістіктердің арқасында қол жеткізіп отырған шығармын. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Токиодағыдай нәтижені қалайсыздар ма? Азия чемпионатына, одан әрі Азия ойындарына қатысуға лайық емессіңдер деп елді, біздің спортшыларды төмендетпексіздер ме?

Спортта айтатындай, маңызды емес матчтар болмайды! ҰОК пен Дәурен Абаевтан ресми жауап күтемін!», - деп қорытындылады ол.