«Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп РПЛ клубының оқу-жаттығу жиынына шақырту алды, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы Meta-ratings.kz сайты хабарлады.

«Алматылық клубқа Әліпті 13 қаңтардан 25 қаңтарға дейінгі жаттығу жиынына шақыру хаты келді. Футболшы Санкт-Петербургке аттанып кетті», - дейді дереккөз.

Нұралы Әліп – «Каспий» футбол клубының түлегі. «Қайратта» 2017 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Негізгі командада 77 матчқа қатысып, 4 гол соққан. «Қайратпен» бірге Нұралы бір мәрте ел чемпионы атанды, бұдан бөлек ҚПЛ-дың екі рет күміс және бір рет қола медалін жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы сапында Әліп 12 ойын өткізді. Transfermarkt порталы 23 жастағы қорғаушыны 1,7 млн еуроға бағалайды.

Айта кетейік, екі жыл бұрын «Зенит» тағы бір қазақстан ойыншы Бауыржан Исламханға қызығушылық танытып, жаттығу жиынына шақырған. Ол санкт-петербургтік клубтың бір жиынына қатысып, жолдастық матчта алаңға шыққанымен, келісімшарт жасасқан жоқ.