Ресейлік «Химки» командасының жаңа басшылығы «Қайраттың» бразилиялық экс-шабуылшысы Вагнер Лавты қатарға қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Инсайды от Карпа» телеграм арнасы.

«Менің мәліметім бойынша, жаңа басшылық алғашқы қадамдардың бірі ретінде Вагнер Лавпен келісім-шарт жасасуды қалайды. 37 жастағы шабуылшының қазақстандық «Қайратпен» келісім-шарты жақында аяқталды, ЦСКА президенті Гинер оны өз командасынан көргісі келмейді. Ал Габулов бразилиялықты қатты жақсы көреді және оны «Химкиге» әкелуді көздеп отыр», - деп жазады ресейлік инсайдер.

Еске салайық, Вагнер Лав алматылық «Қайрат» сапында 2020 жылдың шілдесінен 2021 жылдың қарашасына дейін өнер көрсетті. Қазақстан кубогінде «Шахтерге» қарсы өткен финалдық ойыннан кейін (3:3, 9:8 – пенальти бойынша) бразилиялық шабуылшы «Қайраттан» кететінін мәлімдеді.