Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Данияр Елеусінов Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.

Туған жеріне келген боксшыға құрметті атақты Қазақстан чемпионаты барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев табыс етті. Өңір басшысы Даниярдың әкесі Марат Елеусіновтің баптауымен бокс шыңын бағындырғанын атап өтіп, енді кәсіпқой рингте де зор табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді.

Данияр Елеусінов өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да ел үмітін ақтау үшін бар күш-жігерін салатынын мәлім етті.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан кәсіпқой боксының жарық жұлдызы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.