Лас-Вегаста аралас жекпе-жектен UFC Vegas 44 турнирінің негізгі кардының төртінші жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақтағы файтерлер - австралиялық Джим Рут пен америкалық Джамал Хилл кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қарсыластар сегізбұрышта бір минут та өткізбеді. Хилл қарсыласының басына оң қолымен жойқын соққы бағыттады. Еденге құлаған қарсыласын тағы бір рет ұрды. Руттың шарасыз күйін көрген төреші араласып, жекпе-жекті тоқтатып, Хиллдің жеңісін тіркеді. Жекпе-жек 48 секундқа ғана созылды.

Бұл жеңіс Джамал Хиллдің кәсіпқой мансабындағы 9-шы болды (оның UFC-дегі рекорды – 3 жеңіс және 1 жеңіліс). Джим Круттың кәсіби рекордында қазір 12 жеңіс және 3 жеңіліс бар (соның ішінде UFC-де 3 жеңіс және 1 жеңіліс).