«Тұранның» солтүстік македониялық шабуылшысы Самир Фазли өзінің Instagram парақшасында Қазақстан мен Түркістан қаласындағы өмірі жайлы пікір білдіріп, өткен маусымды қорытындылады.

- Кәсіби футболшының мансабы әрқашан саяхат режимінде өмір сүретіндей етіп жасалған. Чемодан үнемі дайын тұрады. Тағдырдың сені қайда апаратынын ешқашан біле алмайсың. Кішкентай кезімде Нидерландыға кетіп, «Херенвен» клубында 5 жыл ойнадым. Одан кейін Швейцария мен Хорватияда болдым. Ал соңғы жылдарымды үйде өткіздім, бірақ мақсатым жаңа нәрсені көру болды. Ал бұл жолы мен өте алыс орналасқан Қазақстанға бардым.

Бұл 5 ай өте ерекше болды. «Тұран» клубымен келісім-шартқа отырдым. Бұл жас клуб жоғары лигада алғаш рет өнер көрсетіп, көне Түркістан қаласының атынан шығып жүр. Бұл мұсылмандар үшін қасиетті орын, зиярат ететін жер. Соңғы жылдары бұл қала ерекше мәртебеге ие болды, қазір мұнда көне кесенеден ғана емес, әр жерден тарихтың желі есіп тұр, сонымен қатар көптеген заманауи ғимараттар бар. Біз Түркістанда емес, Шымкентте тұрсақ та мұны көріп-білдік. Оо Қазақстанның оңтүстігінде Түркістаннан 120 шақырым жерде орналасқан үлкен қала. Бірақ бұл үлкен қашықтық емес. Бұған «Тұран» стадионының және ондағы көгалдың жаңа болуы себеп болды.

Қазақстанда неше түрлі ұлт өкілдері тұрады, сондықтан бұл елдің мәдениеті де алуан түрлі екен. Қазақтар өте қонақжай халық, барлығы көмекке келуге дайын. Жалпы, маған осы алып мемлекетте бәрі ұнады.

Өкінішке орай, «Тұранда» өзімді толық көрсете алмадым, жарақатымның кесірінен маусымның соңғы бөлігін жіберіп алдым. Бірақ біз бәрібір тапсырманы орындап, клубты жоғары лигада сақтап қалдық. Мен бұл қызықты және әдемі ел туралы көбірек біле аламын деп үміттенемін. Жергілікті лига өте күшті және мұнда ойнау оңай емес. Айтпақшы, мен мұндағы жалғыз македониялық футболшы емеспін. Алекса Аманович биыл «Тобылмен» Қазақстан чемпионы атанды және маусымды өте керемет өткізді, ол лигадағы ең мықты қорғаушылардың бірі. Давид Атанаскоски де бар, оның «Шахтері» кубоктің финалына шықты. Сіздерге Қазақстан чемпионатын бақылау қызық болады деген сенімдемін. Мұнда біздің жігіттердің жағдайы жақсы», - деп жазды футболшы.