Биылғы маусым қазақстандық каратэшілер үшін аса табысты өткені анық. Токио Олимпиадасында алғаш рет Дархан Асаділов пен Софья Берульцева жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Бұл Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енген спорт түріндегі алғашқы ірі жетістігіміз. Кейін Дубайда өткен әлем чемпионаты да ел қоржынын тарихи жүлделермен толтырды. Берульцева тағы да үздік үштікке енсе, 20 жастағы Нұрқанат Әжіқанов Токиода кеткен есені қайтарып, қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, кумитэден Қазақстан ерлер командасы өз тарихында алғаш рет жүлдегерлер қатарына қосылды.

Осы орайда, команда бас бапкері Асқар Молдағали каратэшілердің қарбаласқа толы маусымын қорытындылап, жетістіктің басты себептерін айтты.

«Токио Олимпиадасы бізге үлкен тәжірибе сыйлады. Спортшыларды одан әрі жігерлендіріп, қанаттандырып жіберді десем, артық емес. Алғаш рет Олимпиада ойындарында жүлде алғанымыз да үлкен жетістік. Жасы отыздан асса да, Дархан Асаділов ел намысы үшін соңына дейін шайқасты. Алтын аламын деген мақсаты айқын болса да, спортта бәрі біз ойлағандай болмайды.

Сондықтан, қола медалдің бағасы біз үшін қымбат. Софья Берульцеваның Токиоға баратыны ең соңғы сәтте белгілі болды. Өте талантты спортшыларымыздың бірі. Жастығына қарамастан, әлем үздіктернің қатарына тез қосылды. Олимпиададағы жетістік бізді алға жетеледі», - дейді бас бапкер.

Каратэшілер жазғы ойындардан соң босаңсып қалған жоқ. Өйткені, алда әлі талай жарыстар күтіп тұрған болатын. Әсіресе, Дубайда өтетін әлем чемпионатының маңызы ерекше еді.

«Олимпиададан кейін дереу жұмысқа кірісіп, оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Сол аралықта Мәскеуде өткен ірі турнирге қатысып, спортшылардың дайындығын бір тексеріп алдық. Дубайдағы әлемдік сында барлық спортшымыз соңына дейін күресті. Дегенмен, спорттың аты – спорт. Бүгін жеңілген адам келесі жарыста есе жібермеуге тырысады. Қателіктерден сабақ алып, қорытынды шығару – біздің басты міндетіміз», - дейді Асқар Молдағали.

Бас бапкер әлемдік сынның қола жүлдегері атанған Әжіқанов пен Берульцеваға да тоқталды.

«Софья өте дарынды спортшы. Алтынға басты үміткерлеріміздің бірі еді. Бірақ жартылай финалда жарақатына байланысты күшін толық көрсете алмай, ұтылды. Қола үшін өткен кездесуде сербиялық қарсыласын жеңді.

Нұрқанат Әжіқанов та өте талантты каратэші. Өзі ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, жүлде алып отыр. Оны біздің болашағымыз десем де, артық емес. Нұрқанат батылдығымын ерекше. Атақ-дәрежесі аспандар тұрған қарсыластарынан қорықпайды», - дейді ол.

Сөз соңында командалық сындағы қола медальдің де бағасы алтынға бергісіз екені айтылды.

«Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында қола жүлдегер атанды. Бұл біздің каратэ тарихындағы алғашқы медаль! Жігіттер жарады, бәрімізді қуантып тастады. Бүкіл команданың жетістігі. Мұнымен тоқтамай, алда талай биікті бағындыратынымызға сенімім мол.

Командадағы барлық спортшы өз-өзін соңына дейін қамшылады. Бәрі де көк туымызды көкте желбірету үшін жұмыс істеді», - дейді бас бапкер.