Каратэден Дубайда (БАӘ) өткен әлем біріншілігінде қазақстандық Нұрқанат Әжіқанов қола медаль жеңіп алды. 20 жастағы спортшы ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Нұрқанат бұл жеңістің орны ерекше екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Шыны керек, Олимпиададағы сәтсіздіктен соң, әлем чемпионатында алтын аламын деген мақсат қойдым. Дубайға барғандағы басты мақсатым да алтын жүлде алу еді, бірақ, қола медаль бұйырды. Бұл жетістіктің өзі мен үшін чемпион атанумен бірдей.

Себебі, ересектер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып отырмын. Спорттық мансабымдағы ең алғашқы әрі ең ірі жеңісім. Сондықтан, мен үшін жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтамын.

Жартылай финалда египеттік спортшыдан ұтылып қалдым. Аталған спортшымен бұрын кездесіп, 6:1 есебімен жеңген едім. Осы жолы не жетпей қалғанын білмеймін. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырамын», - деді Нұрқанат.

Айта кетелік, Нұрқанат Әжіқанов командалық кумитэ бойынша Қазақстан құрамасының сапындағы екінші қола жүлдесін де жеңіп алды.