1980 жылдары «Нант» командасының сапында болашағынан үлкен үміт күткен футболшы ойнаған. Алайда жол апаты жас футболшы Сида Кабаның тағдырына балта шапты.

«Бүкіл Францияда дарынды баланың есімі жария болған. «Нант» академиясына түскенде ол 12-де болатын. Есімі Сиди Каба. Малидің Бамако қаласында туған. Алаңда оң қаптал мен шабуылдың өтінде ойнайды. Әр матчта үш-үштен гол соғады», – деп TF1 спорт арнасы жас футболшыға баға берген.

Қырық жыл өтсе де Кабаның дарыны жайлы еске алатындар көп.

«Академияда көп дарынды ойыншыларды көрдім. Бірақ Сидидің орны бөлек. Ол үздік ойыншы ғана емес феномен еді. Бас бапкер Жан Клод Сюдо оны жақсы көретін. Оның үстіне Сидидің мінезі де жақсы еді, деп еске алады «Нанттың» бас бапкері болған Антуан Комбуаре.

Каба 14-ке толғанда әкесі оны Малиден Францияға оқуға жіберген. Виза алуды оңайлату үшін баласының жасын 11 деп көрсеткен. Сондықтан Каба өмір бойы нағыз жасын жасырып келді.

Каба негізгі құраммен бірге жаттығып қана қоймай, футболшылармен дос болатын. 1984 жылдың қарашасында командаласы Лоран Обридің ата-анасы футболшыларды қонаққа шақырады. 18 қарашада Сет Адонкордың көлігімен бір топ футболшы Нант қаласынан Сен Назарға жолға шығады. Жауыннан кейін жол тайғақ болған. Түскі сағат 12-нің шамасында Сет Адонкор рөлге ие бола алмай, жолдың қарама қарсы бетіне шығып кетеді. Қарсы бетте жұйытқып келе жатқан BMW көлігімен соқтығысып, рөлде отырған Адонкор да, көліктің алдыңғы орында болған Лабежоф та тіл тартпай кетті. Ал Сиди Каба ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті.