Түркістанда "Олимпиада орталығы" заманауи спорт кешені ашылды. Ашық бассейні бар спорт кешенінде тек қана балалар мен жасөспірімдер үйірмелері жұмыс істеп қана қоймай, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар оқу-жаттығу жиынын өткізе алатын мүмкіндігі бар. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және Ұлттық Олимпиадалық комитеттің вице-президенті Данияр Абулғазин спорт кешенін ресми ашты.

«Облысымызда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық басталып кетті. Сол мереке қарсаңында Түркістан қаласында көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Түркістан қаласын қайта жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 2,5 жылдың ішінде 400-де астам нысан салынды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, тарихи, мәдени, турисік орталықтар бой көтерді. Түркістанның жаңа келбеті қалыптасып келе жатыр. Міне, осы даму жоспары аясында бүгін өте керемет спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұл нысанды белгілі кәсіпкер Данияр Абулғазин өз қаражатына салып, Түркістанға тарту етіп отыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнда спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Спорттың түр-түрімен жылдың 4 мезгілінде де үздіксіз айналысуға болады. Командалық ойын түрлері залы, 50 метрлік бассейні, медициналық орталығы өте жақсы жобамен салынған. Бұл кешен біздің жасөспірімдер, жастар үшін өте керемет сыйлық болды. Мінеки, арамызда күні кеше ғана әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов бауырымыз келіп отыр. Өңірімізден Сәкен сияқты чемпиондар шыға берсін!», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Данияр Абулғазин спорттық инфрақұрылымның спорттың, әсіресе, бұқаралық спорттың дамуына тигізетін үлесін тілге тиек етіп, түркістандықтарды жаңа спорт орталығымен құттықтады.

"Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Түркістан облысы мен қала әкімдіктеріне алғысымды білдіремін. Спорттың дамуы үшін ең алдымен оны балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді ету қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Сондықтан осындай жобалар Қазақстанның түкпір-түкпірінде, басқа қалаларда, соның ішінде, әрбір шағын қалада, ауылда балалар мен ересектер үшін дене шынықтыру және спортпен айналысуға барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалатынына сенеміз.

2013 жылдан бастап Тимур Құлыбаевтың бастамасымен өңірлерде дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарының құрылысын бастады. Балалар мен жасөспірімдер спортқа аяқ басқан осындай алғашқы кешендердің бірі осыдан 8 жыл бұрын Түркістан қаласында салынған болатын. ҰОК Президентінің бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталған бұл бастамасы жалғасын тауып, дамып, қазіргі таңда заманауи олимпиадалық нысандар бой көтерді. Бүгін ашылып отырған жаңа кешенде спорттың әртүрлі түрлерімен айналысуға бұдан да көп мүмкіндіктер жасалған.

Өз өмірін кәсіби спортпен байланыстырғысы келетіндер де, денсаулығын жақсартып, дене шынықтыруды қалайтындар да өзіне ұнайтын нәрсені осы спорт кешеннен табатынына сенімдімін. Бұл спорт кешені бүгін баршаға есігін айқара ашып отыр”, - деді Данияр Абулғазин.

Аумақтың жалпы ауданы 3,8 га, спорт кешенінің ауданы 15 мың шаршы метрді құрайды. Кешеннің негізгі бөлігін 1000 көрерменге арналған трибунасы бар әмбебап спорт залы алып жатыр, сонымен қатар командалық спорт алаңы, күрес және бокс залдары, үстел теннисі залы, көркем гимнастика және хореография залдары, йога залы бар. Орталықтың спорт залы толық жабдықталған, тіпті ұлттық құрамаларды да жаттықтыру үшін жоғары талаптарға сай. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған «PRO SPORT» медициналық орталығының филиалы да қарастырылған. Онда спортшылар мен қала тұрғындары жарақаттан кейін емделіп, оңалту шараларын жүргізеді. Сондай-ақ спорт кешенінде 300 орындық трибуналары бар 9 жолақты әмбебап олимпиадалық стандартты ашық бассейн бар.

Кешен тек спортпен айналысатын орын ретінде ғана емес, сонымен қатар келушілерге демалу орталығы ретінде мұнда массаж бөлмелері, хаммам және сауна қарастырылған. Алдағы уақытта үлкен конференц-залда іскерлік кездесулер, семинарлар мен оқу іс-шараларын өткізуге болады.

Сонымен қатар, спорт кешенінде сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарды орналастыруға бейімделген 81 адамды бір уақытта орналастыруға арналған жайлы бөлмелері мен кафесі бар ауданы шамамен 2500 шаршы метрді құрайтын жеке қонақ үй ғимараты бар.Данияр Абулғазин 2018 жылдың соңында Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнес өкілдерімен кездесуінде спорт кешенін салу туралы бастама көтерген болатын. Нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаны қаржыландыру көзі - Т.Құлыбаев пен Д. Абулғазиннің қаражаты.

Спорт кешенінің ашылуы облыс спортының дамуына үлес қосумен қатар, жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа спорт нысаны аймақтың климаттық ерекшеліктеріне байланысты олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың Қазақстандағы маусым аралық оқу-жаттығу жиындарының уақытын ұзартуға мүмкіндік береді.