Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Белградтағы әлем біріншілігінен кейін құраманың жетістігіне баға берді.

- Әлем чемпионатын ойдағыдай өткіздік. Дайындық барысында әрбір боксшыға сенім білдіріп, әр спортшының чемпион болуға мүмкіндігі барын жеткізе алдық. Негізгі мақсатымыз - жалпыкомандалық есепте топ жару болатын. Оқу-жаттығу жиындарында да команданы солай жігерлендірдік. Міне, екі алтын, екі күміс, бір қола алып отырмыз.

Әрине, төрешілердің де қателігі кездесті. Десе де, боксшылардың Белградтағы өнері көңілімнен шықты. Осы орайда, бізге чемпионаттың басынан аяғына дейін жанкүйер атанған барша қазақстандықтарға рахмет айтқым келеді. Әлемдік доданы түн жарымына дейін көріп, тақым қысқан әрбір жанкүйерге алғысым зор. Олимпиададан кейін бұл чемпионат бізді біріктіре түсті. Жеңісті күндеріміз көп болсын, - дейді бас бапкер.

Белградтағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есебі бес медаль жеңіп алды.