25-29 қазан аралығында Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер Кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған 2006-2007 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында бокстан Республикалық турнир өтті.

2021 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылған жарысқа 7 облыс (Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысы) пен республикалық маңызы бар бір қаладан (Нұр-Сұлтан қаласы) келген 222 спортшы қатысты.

Төрт күнге созылған турнир қорытындысы бойынша Қарағанды облысының командасы 7 алтын, 6 қола медаль жеңіп алып, бірінші орын алды. Нұр-Сұлтан қаласының жас былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен екінші, Павлодар облысының командасы 2 алтын, 2 қола медальмен үшінші сатыға жайғасты. Ал Алматы облысы (бір алтын, 6 күміс, 5 қола) төртінші, Ақмола облысы (1 алтын, 3 күміс, 6 қола) бесінші, ШҚО (бір алтын, екі күміс, үш қола) алтыншы, Қостанай командасы (бір күміс) жетінші, СҚО (екі қола) сегізінші орыннан көрінді.

Сонымен қатар арнайы номинация бойынша марапатталғандар:

«Әділ төреші» – Мақсат Қарбеков (Шымкент);

«Үздік техникасы үшін» – Алексей Хаванцев (Қарағанды);

«Жеңіске деген жігері үшін» – Денис Кучер (Қостанай);

«Көрермендер көзайымы» – Темірлан Темірхан (Қарағанды).

Жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Димаш Абайхан (Қызылорда облысы). Турнирдің Бас хатшысы Мейірхан Парахатов (Қарағанды).