Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Аренада» мәнерлеп сырғанаудан екінші Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі басталды.

Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырып жатқан жарыс 31 қазанда мәресіне жетеді.

Биыл мәнерлеп сырғанаудан «Челленджер» (ISU Challenger Series) санатында 7-ші жарыс саналатын Denis Ten Memorial Challenge турнирінде 16 елден келген 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Оның ішінде биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері, Бейжіңде өтетін Олимпиадаға баратын мәнерлеп сырғанаушылар бар.

Турнирде бақ сынайтын қазақстандық спортышылар: ерлер арасындағы жекелей сында – Рахат Бралин, Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев. Әйелдер арасында – Анастасия Лобанова, Богдана Ракишев мен Ясмина Текик. Ал жұптық сында ел намысын Гаухар Наурызова/Боянсангур Датиев және Максин Уэзерби/Темірлан Ержанов жұбы қорғайды.

Турнирде Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жоғары санатты 36 төрешісі қызмет етеді.