Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) Бірінші лиганың қыркүйек айындағы үздік ойыншысы мен бапкерін анықтады, деп жазады Prosports.kz.

Үздік ойыншы командалардың бас бапкері мен капитандары арасындағы сауалнама арқылы анықталады.

Айдың үздік ойыншысы атағы «Ақсу» командасының жас шабуылшысы Мирас Тұрлыбекке бұйырды. 20-жастағы ойыншы 15 ұпай жинады.

Сауалнама қорытындысы бойынша екінші орынды «Оқжетпес» ойыншысы Жасұлан Молдақараев иеленді (14 ұпай). Үшінші орынға 13 ұпай жинаған «Екібастұз» командасының жартылай қорғаушысы Асланбек Кәкімов жайғасты.

Мирас Тұрлыбекке марапатты Бірінші лиганың 21-турындағы «Ақсу» - «Оқжетпес» ойынының алдында отандық футболға еңбегі сіңген ардагер Ойрат Батайұлы Садуов табыс етті.