Сенбі күні футболдан Литва кубогының финалы өтті, деп жазады Prosports.kz.

Қазақстандық жаттықтырушы Владимир Чебурин баптайтын Вильнюстің «Жальгирис» командасы қазіргі кубок иегері «Паневежисті» 5:1 есебімен жеңіп, Литва кубогында топ жарды.

«Жальгирис» соңғы рет ел кубогын 2018 жылы жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, Чебурин қарағанды футболының түлегі. Футболшы мансабында қарағандылық және жезғазғандық командаларда ойнаған. Бапкер ретінде Қазақстан «Шахтер» мен «Оқжетпесті» баптады. 56 жастағы маман Литвада ірі жетістіктерге жетіп жүр. 2014 жылы «Круоя» командасын тұңғыш рет ел чемпионатында күміс жүлде иеленуіне көмектесті. Ал, ортаң қол «Судува» командасымен «Жальгиристің» гегемониясын тоқтатып, тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атағына қол жеткізді. Кейін чемпиондық атағын қорғады.

Осы жылдың қаңтар айында Чебурин Литва футболының аламаны «Жальгиристің» тізгінін ұстады.