Футболдан Қазақстан чемпионатының 24-туры аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Тур қорытындысы бойынша «Жетісумен» бірге «Қайсар» да ҚПЛ-мен қоштасты. Қызылордалықтар сырта алаңда 75-минутқа дейін «Астанаға» қарсылық көрсетті. Тигран Барсегян мен Марин Томасовтың шеберлігінің арқасында елордалықтар 2:0 есебімен ұтты. Біріншілік аяқталуына екі тур қалғанда «қасқырлар» он төртінші орындағы «Тұраннан» тоғыз ұпай аз жинады.

«Қайрат» «Ақтөбеге» қонаққа барып, 2:1 жеңді. Алайда, алматылықтар үшінші орыннан жоғары көтеріле алмайды. Былтырғы чемпиондар биыл қоланы місе тұтты.

Әйтсе де, Курбан Бердыев командасы чемпиондықтан айырылса да, «алтынның» қай командағы бұйырарын шешуі мүмкін. Ол үшін келесі турда Алматыда «Астанадан» ұтылмауы тиіс. Ал, осы турда төртінші орынға таласып жатқан «Қызыл-Жарды» жеңген «Тобыл», қалған екі турда «Шахтер» мен «Ақжайықтан» үш ұпайдан алса, ел чемпионы атанады.

Орташа есеппен «Астананың» үш голының біреуін өз еншісіне жазып жүрген Томасов чемпионаттың үздік сұрмергені атағын өз атына жазуға жақын. Хорват футболшысы 17 доп соқты. Екінші орындағы Артур Шушеначевтің еншісінде бес гол кем.