Юрий Натаров пен Евгений Гидич «Астана» велокомандасымен келісімшарт мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстандық екі шабандоз Юрий Натаров пен Евгений Гидич «Астанамен» (2022 жылдан бастап команда Astana QazaqstanTeam деп аталады) екі жылға жарамды жаңа келісімшартқа қол қойды. Олар команда сапында 2022 және 2023 жылғы маусымдарда өнер көрсетеді.

Юрий Натаров қазақстандық командамен алғашқы келісімшартын 2019 жылы жасаған. Ол кәсіпқой мансабында «Алматы туры» жарысының жалпы есебімен топ жарған. 2021 жылғы маусымда Натаров Гранд-турға алғаш рет қатысты, сонымен қатар ол Қазақстан чемпионатының жекелей сынында қола жүлдегері болған.

Евгений Гидич 2018 жылы «Астанаға» қосылды. Алғашқы үш маусымда ол бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді - «Хорватия туры-2018» турнирінің жалпы есебінде үшінші орын алды, 2019 жылғы Азия чемпионатының топтық жарысында жеңіске жетті, «Коппа Бернокки» жарысында жетінші орын алды (2019), «Сауд Арабиясы турында» үшінші орынға ие болды (2020).

Кейінгі маусымдағы Евгенийдің ең үздік нәтижесі: Қазақстан чемпионатының топтық жарысында екінші орын алды.