Қазақстандық боксшы Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралмақ. Бұл жайында боксшының өзі мәлімдеді.

«Құрметті менің жанкүйерлерім! Біз жекпе-жек жаттығуларына қызу дайындықтамыз. Иншалла, жақында жақсы жаңалықтармен бөлісеміз. Сіздерге Түрік елінен жалынды сәлем!», - деп жазды Қанат Ислам Instagram парақшасында.

Кейінгі жекпе-жегін ол 21 ақпанда Майамиде (Флорида, АҚШ) эквадорлық Джейсон Миндоуге (14-4-1, 8 КО) қарсы өткізді. Жетінші раундта отандасымыз қарсыласын нокаутқа жіберді. Жекпе -жектен кейін боксшының менеджері Нельсон Лопес Қанаттың маусым айында тағы бір жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді. Жалпы, биыл қазақстандық екі кездесу өткізуді жоспарлаған.

Айта кетейік, ақпан айындағы жекпе-жек қазақстандық былғары қолғар шебері үшін 2019 жылдың қазанынан бергі бірінші кездесу болды. Алматыда өткен кездесуде ол төрешілердің бірауызды шешімімен намибиялық Вальтер Кутондокваны (18-2, 17 КО) жеңіп, орта салмақта WBO International титулын қорғады.