Футболдан Қазақстан чемпионатының 2021 жылғы маусымы мәреге таяды. Былтыр чемпион атанған «Қайрат» осы турда «алтыннан» үмітін үзді. Десек те, Құрбан Бердиев командасы біріншілікте топ жармаса да, чемпиондық атаққа қай ұжым ие боларына ықпал етуі мүмкін, деп жазады Prosports.kz.

Чемпионат аяқталуына үш тур қалғанда бірінші орынға «Астана» мен «Тобыл» таласып жатыр. Елордалықтар 23-турда «Жетісуға» қонаққа барды. Талдықорғандықтар үшін маусым сәтсіз өтті. Стадионы маусымға дер кезінде дайын болмай, біріншілік басталмай жатып үш ұпайынан айырылған «Жетісу» чемпионат барысында көш түзеп кете алмады. «Астанаға» қарсы ойында жеңілсе, Бірінші лигаға түсіп қалатын еді.

«Жетісу» ҚПЛ-сыз қалады-ау деп бас ауыртатын «Астана» ма, Талдықорғаннан үш ұпай алып кетті. Тамаша маусым өткізіп жатқан Марин Томасов дубль авторы атанды Хорват он алты голымен сұрмергендер тізімінде сенімді көш бастап тұр. Елордалықтардың тағы бір голын Фатос Бечирай соқты. «Жетісу» сапынан Айбар Жақсылықов мергендігімен көзге түсті.

Біріншіліктегі үздік сұрмерген - Марин Томасов

«Астана» бірінші орында қалды. Еншісінде 53 ұпай. Қалған үш турдың екеуін өз алаңында өткізеді. «Қайсарды» және «Тұранды» қабылдайды. Сондай ақ, Алматыда «Қайратпен» кездеседі.

«Жетысу» — «Астана» 1:3 (1:2)

Гол соққандар: Томасов 21 (0:1), Жақсылықов 37 (1:1), Томасов 39 (1:2), Бичерай 56 (1:3).

«Тобыл» «Астананың» жеңісінен кейін алаңға шықты. Александр Москаленко шәкірттері Қостанайда «Ордабасыны» қабылдады. Осы маусымда бюджет қысқарып, қомақты қаржыдан қағылған шымкенттіктер еурокубокқа жолдамасыз қалуы мүмкін. Чемпионатты сәтті аяқтайтын, қарсыластармен бәсекелесе алатын Александар Седневте құрам жоқ. Бұл фактор «Тобылға» қарсы ойында кері әсерін тигізді. Бірінші таймда тәп-тәуір ойнап, үзіліске 1:1 есебімен аттанғанымен, екінші таймда «Тобыл» ғана шабуылдаумен болды. Ал, қосалқы құрамнан шыққан Зоран Тошич матч тағдырын шешіп кетті. Гол соқты және нәтижелі пас берді. Шымкенттіктердің қосалқы қүрамында команда ойынына жаңа тыныс беретін футболшы табылған жоқ.

Матч қаһарманы - Зоран Тошич (ортада)

«Тобыл» «Астананы» өкшелеп қуып келеді. Мәреге үш тур қалғанда елордалықтардан бір ұпайы кем. Дегенмен қалған қарсыластар қиын. «Қызыл-Жар» мен «Ақжайыққа» қонаққа барады. Екі ұжым да төртінші орынға талас жүргізіп жатыр. Қазақстан кубогында «Шахтер» топ жарып кетпесе, дәл осы төртінші орын еурокубокқа жолдама береді. Екі матчтың ортасында «Шахтермен» өз алаңында кездеседі.

Қостанайлықтар үш матчта да жеңіп, «Астана» Алматыда ұпай жоғалтатын болса, араға 11 жыл салып «Тобыл» алғаш рет чемпион атанды. Қостанайлық жанкүйерлер де, елордалық команданың чемпионаттағы үстемдігінен шаршаған жанкүйерлер де Чемпиондар лигасында жол болмай, чемпиондық атаққа таласудан ерте айырылған «Қайрат», басты бәсекелесі «Астананы» осылайша аяқтан шалу мүмкіндігін мүлт жібермейді деп сенім артады.

«Тобыл» — «Ордабасы» 3:1 (1:1)Гол соққандар: Сергеев 25 (1:0), Астанов С. 30 (1:1), Тошич 74 (2:1), Асранкулов 86 (3:1).

Фото «Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметінен алынды