«Каспий» клубы маусым соңында өзінің алаңындағы екі матчын көрерменсіз өткізеді.

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитетінің шешімімен ойынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуіне байланысты көрермендердің орынсыз әрекеттері үшін, яғни кездесудің ресми тұлғаларына балағат сөздер айтқаны, қарсыластар команданың ойыншыларына бөтелке лақтырғаны және жанкүйерлердің алаңға шыққаны үшін «Каспий» ФК ағымдағы футбол маусымының соңына дейін Қазақстан Чемпионатының өз алаңындағы ойындарын көрермендерсіз өткізу түрінде санкция салынғаны туралы хабарлады.

22 қыркүйекте өткен Қазақстан Кубогы аясындағы «Каспий» мен «Астана» арасындағы матч жанжалмен аяқталды. Ойыннан соң нәтижеге көңілі толмаған жанкүйерлер ойыншыларға дөрекі сөздер айтып, алаңға бөтелкелер мен басқа заттарды лақтыра бастады.

«Каспий» командасының екі жанкүйері алаңға жүгіріп шығып, төрешілер бригадасына барды. Екі-үш минуттан соң полицейлер оларды орнына қайтарды.

«Кездесу аяқталған соң «Каспий» жанкүйерлері стадион аумағының артында жиналып, барабан ұрып, наразылығын білдірді. Олар «Астана» футбол клубы автобусының өтуіне кедергі жасауға тырысты. Полиция ескертуіне мән бермеді. Бес жанкүйер ұсталып, түсіндіру жұмысын жүргізу үшін қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Бұдан соң өзгелері тарқады», - деді полиция департаментінде.