Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Босния және Герцеговина мен Қазақстан кездесуі бүгін Зеница қаласында өтеді. D тобында сынға түсетін командалар 2 ұпайдан жинап, 4-5 орындарда келеді.

60 гол соғып, Босния және Герцеговина құрамасының тарихында үздік сұрмерген атанған миландық «Интердің» шабуылшысы Эдин Джеко Қазақстанға қарсы алғашқы минуттардан алаңға шықпақ.

Қазақстан құрамасынан қорғаушылар Руслан Валиуллин мен Марат Быстров, шабуылшы Абат Аймбетов жарақатына байланысты бүгін алаңға шықпауы мүмкін. Құрама капитаны Азат Нұрғалиев пен «Қайраттың» қорғаушысы Нұралы Әліп виза ала алмағандықтан ойынға қатыспайды.

Босния және Герцеговина - Қазақстан ойынын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:35-те басталады.

«Qazaqstan» телеарнасындағы матчты комментаторлар Ерсін Ерік пен Дәулет Сейітбеков, «Qazsport» эфиріндегі репортажды Уәлихан Қосанбай мен Дмитрий Нестеренко жүргізеді.Онлайн трансляцияны qazaqstan.tv және qazsporttv.kz ресми сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасынан көру мүмкіндігі бар.