«Қайрат» АФК президенті, ҚФФ футзал комитетінің төрағасы Қайрат Оразбеков Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына дайындығы мен команданың турнирдегі мақсаттары туралы айтты, сонымен қатар Олимпиада тақырыбын қозғады.

- Қайрат Айтмолдаұлы, алдағы маусымда «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасын бағындыруға тағы бір талпыныс жасайды, ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады. Екі команда да осы күрделі сынақтарға қаншалықты дайын?

- Өздеріңіз білетіндей, коронавирус пандемиясына байланысты Литвада өтетін әлем чемпионаты 2020 жылдың күзінен 2021 жылдың күзіне ауыстырылды. Әрине, бұл белгілі бір өзгерістер енгізді және УЕФА Чемпиондар лигасына қатысатын барлық команда үшін проблема туғызды - бұл жағдайда «Атырау» мен «Қайратқа». Клубтар мен ұлттық құраманың дайындық күнтізбесі сәйкес келеді.

Әдетте, клубтар еуропалық жарыстарға дайындықты тамызда бастайды, бірақ дәл қазір ұлттық құрама да әлем чемпионатына дайындықты бастайды. Ал «қайраттықтар» қыркүйекте де толық құраммен жаттыға алмайды, өйткені олардың көбі өз құрамасында ойнайды.

Алдағы маусымда кесте тығыз болып тұр. Қыркүйек - Литвадағы әлем чемпионаты, қазан - Қазақстан кубогы мен Чемпиондар лигасының Элиталық кезеңіндегі ойындар. Қаңтарда Еуро-2022 өтетінін де ұмытпау керек, онда біздің команда фавориттердің бірі болады. Бізді өте қиын, бірақ өте қызық жыл күтіп тұр. Біз әдемі футзал көрсетуге және жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.