Токио Олимпиадасының төртінші жарыс күні зілтемірші Зүлфия Чиншанло бақ сынады. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 9 спортшы жүлде үшін таласты.

Зүлфия алғашқы мүмкіндігінде 90 келіні еңсерген, екіншісінде 93 келіні көтергенімен, төрешілер бейнеқайталаудан есептемеді. Қазақстандық спортшы үшінші мүмкіндігін де пайдалана алған жоқ. Осылайша, 90 келімен жұлқа көтеруді 7 орында аяқтады. Жұлқа көтеруде өзбек спортшысы Муаттар Нәбиева 98 келіні еңсеріп, Олимпиада рекордын жаңартты.

Бар үміт серпе көтеруде болды. Бапкерлер бастапқыда 120 келіге тапсырып берген. Бірақ өзбек спортшысы 114 кг еңсерген соң, Зүлфия 123 келіге шықты. Бұл салмақты бағындырғанымен төрешілер санамады. Екінші мүмкіндігін сенімді орындап, жалпы кестесе өзбек спортшысын озып, үшінші орынға көтерілді.

Алтынға филиппин және қытай зілтеміршілері таласты. Екеуі кезек-кезек рекорд жаңартқан соң бапкерлер Зүлфия Чиншанлоны үшінші мүмкіндігіне шығармады.

Жарыстың соң Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Токиодан хабар таратып жүрген Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулетке берген сұхбатында әсерін бөлісті.

– Көрсеткен нәтижеме көңілім толады. 2014 жылы өткен әлем чемпионатынан соң мұндай нәтиже болмады. Токиоға өте қатты дайындалдық. Ең бастысы медаль алдық.