23 шілде - Токиода Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Қазақстаннан келген бір топ журналист түс ауғанда Олимпиада стадионына жол тарттық.

Жергілікті уақыт бойынша кешкі 8-де басталатын іс-шараға қонақ үйден 5 сағат бұрын шықтық. Өйткені Токиода үлкен қала болғандықтан жолға ұзақ уақыт кетеді, оның үстіне ашылу салтанатына баратын адамдардың қарасы көп.

Бір сағат жол жүріп, бүкіл автобустар келетін орталыққа жеттік. Еріктілерден жол сұрап, Олимпиада стадионына баратын автобусты іздедік. Баспасөз қызметкерлеріне арналған бөлек автобустар жүргенімен оған кезекті өзі бір сағат уақытты алды.

Әйтеуір, әупірімдеп жүріп жеттік. Стадионға келе сала бірнеше кезеңнен тұратын тексерістен өттік. Жол бойы қоршаудың ар-жағында тұрған жапондардың қарасы қатты болды. Сөйтсек, стадионның маңында жергілікті тұрғындар Олимпиаданың өтуіне қарсы наразылыққа шыққан екен.