Халықаралық теннис федерациясы қалған квоталарды қайта бөлуді нәтижесінде қазақстандық теннисші Зарина Дияс Олимпиада жолдамасына ие болды. Токиоға табан тіреген теннисші Олимпиадаға дайындығы жайлы мен жарыста жүлдеден үмітті екенін айтты.

- Токиоға екі күн бұрын ғана келдім. Жеті сағат бойы әуежайда болдым. Кәдімгідей шаршатты. Оның үстіне Амстердамнан жарыстан соң ұшып келген едім.

- 2017 жылы Токиода өткен жарысты жеңіп алған едіңіз. Жапония сізге «жағады» деп айтуға бола ма?

- Иә, солай десе болады. Токионың атмосферасы ұнайды. Маған жағады. Бұл жаққа келгенде жақсы нәтиже көрсетемін.

- Олимпиада жолдамасын алғаныңыз туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, өте қуандым. Өйткені басында рейтинг бойынша Олимпиадаға бара алмайтын едім. Жаңалықты естігенде қатты қуандым. Маған жігер бергендей болды. Көп теннисшілер Олимпиада бармайтын болғандықтан мүмкіндігім бар деп ойладым.

Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Швейцариядағы жарыста кішігірім жарақат алдым. Дегенмен алдағы демалыс күндеріне дейін жарақатым жазылады деп ойлаймын.

- Олимпиада қалашығында спортшыларға қандай жағдай жасалған? Карантинге байланысты көп шектеулер бар дегендей...

- Біз бұған үйреніп қалдық. Олимпиада қалашығында бәрі керемет дей аламын. Тағамы жақсы, жаттығу залдары ыңғайлы. Токиода бәрі ұнайды. Тек ауа-райы ыстық демесеңіз.