Олимпида ойындарының басталуына үш күн ғана қалды. Былтырмен салыстырғанда Жапонияда эпидемиологиялық жағдай аса жақсара қойған жоқ. Дегенмен Олимпиада ойындары өткелі жатыр.

Биылғы Олимпиада әлем жұрты күтетін спорт мерекесі бола алмасы анық. Өйткені Олимпиада дәстүрге айналған көп дүниеден қағылды. Ұйымдастырушылар жарыс басталмай тұрып жанкүйерлерге 3,7 миллион билет сатып үлгерген. Бірақ та жақында Олимпиада көрерменсіз өтетіні белгілі болды. Жапония билігі мен ұйымдастырушы комитет өршіп тұрған коронавирус қауіпін қорқып, бастапқыда көрермен санын шектеген. Алайда артынша жарыстың көрерменсіз өтетінін хабарлады.

Олимпиаданың көрерменсіз өтуіне жергілікті үкіметтің эпидемиологиялық ауруларға қарсы қызмет кеңесінің басшысы Сигэру Оми себеп болды. Ол пандемия басталғаннан Токиодағы дүбірлі доданың өтуіне қарсы болған. Егер Олимпиада кезінде эпидемиологиялық ахуал ушықса жарыс күні қысқаруы мүмкін.

Пандемия басталғалы Жапонияда ресми 800 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Токио әкімшілігі сәуір айында қалада төтенше жағдай жариялап, Олимпиадаға бір ай қалғанда уақытша тоқтатты. Бірақ Олимпиада аяқталысымен қайта жариялауды жоспарлап отыр.

Дамыған елдердің арасында Жапония жаппай вакциналауды кеш бастады. Бүгінгі таңда жапон азаматтарының тек 6,5% екпе алған. Әрине, бұл Олимпиада секілді үлкен жарысты өткізетін ел үшін жақсы көрсеткіш емес.

Елдегі 120 муниципалитет шетелден келген спортшыларды қабылдаудан бас тартқан. Бұған бөлек, көп спортшының өзі де жарысқа келмеуді шешкен. Ал 80 мың еріктінің он мыңға жуығы Жапонияға келмеді.