Мажарстанда көшпенді халықтардың ұлттық спорт түрлерінен халықаралық сайыс өтті. Оған қатысқандар ат жарыс, жекпе-жек, қашықтан садақ ату, семсерлесу сынды көшпенділер ойындарының 10 түрінен өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарысқа келгендер мажарлардың ұлттық сұңқар ұшыру дәстүрін тамашалап, көшпенді тұрмысқа қатысты фотокөрме, киіз үй жабдықтары мен қару-жарақ түрімен танысты. Іс-шара «Мажар-Тұран» қоры құрған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Мажарстандағы «Садақшылар жолы» мектебінің ұйымдастырумен өтті. Шараның негізгі мақсаты – көшпенділер мұрасын сақтау әрі оны қайта жаңғырту. Көшпенділер рухы мен спортын дәріптейтін шараның ашылу салтанатында Альбертирша қаласының мэрі Фазекаш Ласло мен «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Биро сөз сөйлеп, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады. Сонымен қатар сайыстың салтанатты ашылуына Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі өкілдері қатысты.
Іс-шара соңында жеңімпаздарға арнайы кубок, медальдар мен бағалы сыйлықтарды «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Биро табыс етті.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынас егемендік алған тұсымызда басталды. Бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайта түсті. Ел астанасы Будапештте мәдени-гуманитарлық бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші бар, Абай оқулары жиі өтеді, Мажарстандағы ҚР Елшілігі жанында «Абай орталығы» жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы мәдени, ғылыми байланыстар арқасында жыл сайын 250 жас қазақстандық білімін Мажарстанда жетілдіру мүмкіндігіне ие.
Ұсынамыз
Комментарии