Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық теннис орталығының корттарында ATP Challenger Tour және ITF Women's World Tennis Tour аясындағы Kerey Challenger 80 және Tomiris W 60 серияларында финалдық ойындар аяқталды.

Ерлер арасындағы шешуші матчта украиналық Сергей Стаховский/Петер Поланскилер Ю Хсу (Тайпей)/Бенджамин Лок (Зимбабве) жұбымен кездесті. Сергей мен Петер алғашқы сетте қарсыластарын жеңген – 6:2. Дегенмен Хсу мен Лок екінші партияда 6:1 есебімен басым түсті. Матч тағдыры супер тайбрейкте шешілді. Теннис «лотереясында» Азия-Африка дуэті сәтті ойнап кетті, есеп - 10:7.

Әйелдер арасындағы шешуші айқас та өте әсерлі шықты. Ресейліктер Алина Чараева мен Мария Тимофеева үш сетте Евгения Левашова (Ресей)/Лаура Пигосси (Бразилия) жұбын 7:6 (7:5), 2:6, 10:6 есебімен жеңді. Бір қызығы, бразилиялық Лаура Пегоссиге Токио Олимпиадасына қатысатыны хабарланды. Бұл жаңалық оңтүстікамерикалық спортшыға тіпті жеңілістен кейін де жағымды әсер еткені анық.

Ертең Tomiris W 60 жекелей матчтар финалында Мариам Болквадзе (Грузия) мен Валерий Савиных (Ресей) кездеседі. Ал ерлер сайысы саналатын Kerey Challenger 80 аясында британиялық Джей Кларк пен аустралиялық Макс Персел кездеседі.

Еске сала кетейік, әйелдер турниріне скиф патшайымы Томиристің есімі берілді. «Президент Кубогының» ерлер арасындағы екі турнирі қазақ хандығының негізін қалаушылар ретінде тарихта қалған Керей мен Жәнібектің құрметіне аталған.