Биылғы «ерекше» Токиодағы Олимппиада ойындарына келушілердің саны күн сайын артып келеді. Жапон астанасында өтетін төрт жылдықтың басты додасына бір аптадан аз уақыт қалды.

Ұйымдастырушы комитет әлемдегі коронавирус ахуалын ескере отырып, ковидқа қарсы шараларды күшейткен. Оны елде жүріп-ақ түсінесіз. Спортшылар үшін де, делегация үшін де карантин шарасы қатты.

Олимпиадаға аккредитация алған кез келген адам Жапониядағы қалай жүріп-тұратынын жоспарлап, Ұйымдастырушы комитеттен рұқсат алу қажет. Сосын OCHA деп аталатын (жапонша «оча» деп айтылады) қосымшаны смартфонға қондырып, оған денсаулық жайлы толық ақпарат, елдегі коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тесттердің нәтижесін жүктеу керек. Бұл процесс ұзаққа созылады. Өйткені, Жапония пандемия басталғалы өзге елден келетін туристерге есігін әлі күнге ашқан жоқ. Сондықтан Олимпиадаға келушілер рұқсат алған соң оларға арнайы QR-код беріледі. Ол – төлқұжат пен аккредитация секілді маңызды құжат.