Еуропа чемпионатының екінші финалисі анықталды. Prosports.kz – кешегі матчтағы ең қызық сәттер туралы.

1/2 финал.

Англия – Дания 2:1 овертайм

Дүние жүзінде Данияға жанкүйер болғандар көп шығар, бірақ бәрі де финалға ағылшындар шығатынын түсінді. Ағылшындар міндетті еді: мәртебесі, ойыншылары, турнирдегі статистикасы, оның үстіне өз алаңында ойнап жатыр. Жанкүйерлер ағылшындардан финалдан басқа ештеңе күтпеді.

Бірақ есепті Дания ойыншылары ашты: Миккель Дамсгор айып соққысын дәл орындап, қақпашыға мүмкіндік қалдырмады. Бұл турнирде айып соққысынан салынған алғашқы гол болды. Иә, бір ай бойы ешкім айып соққысынан гол соға алмай келген еді.

Бірақ даниялықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Англия құрамасының қос қапталы белсеніп, сәт сайын Дания қорғанысын мазалаумен болды. Сондай шабуылдардың бірінде Симон Крьер допты өз қақпасына соғып алды - биылғы турнирдегі 11-ші автогол. Үздік сұрмергендер «месье Автоголдан» екі есеге қалып тұр.