Елордадағы ұлттық теннис орталығында «Президент кубогы – 2021» аясында ATP Challenger Tour және ITF Women's World Tennis Tour серияларымен 11-18 шілдеде «Kerey Challenger 80» мен «Tomiris W 60», 18-25 шілдеде «Zhanibek Challenger 80» халықаралық турнирлері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, топырақ және көгал төсеніштеріндегі додалардан кейін «Президент кубогы – 2021» жарысы US Open алдында хардта өтетін алғашқы турнир болмақ.

Оған 100-ден астам теннисші қатысып, бақ сынамақшы.

Ұйымдастырушылар турнирлерге ұлы тұлғалардың есімін беруді жөн көрді. Әйелдер жарысы атақты сақ патшасы Томирис, ерлер додалары Керей мен Жәнібек хандардың есімдерімен аталды.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, «Президент кубогы» 1991 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан ірі турнир болып саналады. 2007 жылдан жаңа деңгейге көтеріліп, АТР челленджер, сондай-ақ ITF Women’s сериясымен өте бастады. Додаға кезінде Қазақстанның жетекші теннисшілері Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Ярослава Шведовалар қатысты.

Ю.Польскийдің сөзіне қарағанда, биыл Денис Евсеев, Гөзал Айнитдинова, Достанбек Ташболатов, Жібек Құламбаева, Григорий Ломакин секілді жас теннисшілерге мүмкіндік берілгелі отыр. «Басты мақсат – жастарымыз тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдау үшін елордаға әлемнің түрлі елдерінен жақсы ойыншыларды тарту. «Президент кубогында» кезінде қазіргі кезде үздіктер қатарына кіретін Даниил Медведев, Андрей Рублев, Карен Хачанов, Миомир Кецманович, Себастьян Корда сынды атақты теннисшілер ойнады. Бұл жолы да жарыстың деңгейі жоғары болуы үшін барымызды саламыз», деді Ю.Польский.