Қазақстан чемпионатындағы 18-турдың орталық матчында Қостанайда «Тобыл» мен «Қайрат» кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Кешегі «Астананың» Петропавлдағы жеңілісінен кейін қостанайлық ұжымда жеке дара көш бастайтын, «Қайрат» командасында бірінші орынға жақындай түсетін тамаша мүмкіндік болған еді.

«Тобылдың» стадионындағы ойынның бірінші таймы алматылық команданың басымдылығымен өтті. «Қайратта» екі-үш гол соғатын мүмкіндік болды. Бірақ, қонақтар бір нәтижелі соққымен шектелді. 23-минутта Вагнер Лав орталық алаңнан допты ала жүгіріп, айып алаңға жақындаған тұста Артур Шушеначевке әдемі пас берді. Соңғы кездері жарқырап жүрген қазақстандық шабуылшы Александр Мокиннен айла асырып, жақын бұрышты дәл көздеді.

Үзілістен кейін қостанайлықтар іске кірісті. Тоғыз минуттың ішінде екі гол соғып кетті. Алдымен, Руслан Валиуллин айып алаң ішінде иесіз қалған допты қақпаға дарытса, кейін «Қайрат» қорғаушысы Раде Дугалич өз қақпасына гол соғып алды.

Матч соңына дейін «Қайрат» ес жия алмай кетер ме еді, егер де Серікжан Мужиковтың жауапсыздығы болмаса. Алаңда мүлде көрінбеген Тони Сильваның орынына шыққан 30 жастағы жартылай қорғаушы дөрекі ойнап, екі минуттан кейін қызыл қағаз алды.

Бір ойыншыға артық қалған алматылық команда екі минуттан кейін таразы басын теңестірді. Орталық алаңнан пас алған Вагнер Лав қақпашымен бетпе-бет шығып, есепті 2:2 қылды.

«Тобыл» 39 ұпай жинап, екінші орындағы «Астанадан» бір ұпай озды. «Қайраттың» еншісінде 34 ұпай. Кирилл Кекер шәкірттері үшінші орынға жайғасқан.

Еске салайық, «Тобыл» мен «Қайрат» осы маусымда үшінші рет кездесті. Қазақстан суперкубогының жартылай финалында қостанайлық команда пенальти сериясында ұтты. Бірінші айналымда Алматыда өткен ойын 2:2 есебімен аяқталды. Сол матчта «Қайрат» сапынан Камо Огенесян алаңнан қуылды, Нұрәлі Әліп пенальтиден мүлт кетті.

Қазақстан чемпионаты – 2021. 18-тур.

«Тобыл» – «Қайрат» 2:2 (0:1)

Гол соққандар: Валиуллин 53, Дугалич а/г 66 – Шушеначев 23, Лав 76.

Алаңнан қуылды: Мужиков 75

28 маусым. Қостанай.