Үстел теннисінен Қазақстан командасының үздігі Кирилл Герасименконың Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алғанын хабарлаған болатынбыз. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы лицензия иегері атанғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.

«Шыны керек, бұл жолдаманы ұзақ күттік. Қобалжу да басым болды. Алғашында рейтингті күтпей, тікелей Олимпиадаға жолдама алуды мақсат еткем. Алайда, оның реті түспеді. Сондықтан, әрбір турнирге қатысып, ұпай жинауға тура келді. Ұлттық Олимпиадалық комитет және үстел теннисі федерациясымен бірлесіп істеген еңбегіміз зая кеткен жоқ.

Бұл менің үшінші Олимпиадам. Бұған дейін жасөспірімдер олимпиадасына және Рио ойындарына қатысқан едім. Төрт жылда бір келетін жарыс болған соң, мұндағы сезім де ерекше. Сондықтан, бар күшімізді саламыз. Қазір Қарағандыда бір айлық оқу-жаттығу жиыны өтуде, содан соң Алматыда, тауда дайындаламыз. Әрі қарай Токио ойындары күтіп тұр», - дейді Кирилл.

Айта кетелік, үстел теннисінен әйелдер арасындағы сында Қазақстан намысын Анастасия Лаврова қорғайды.