«Тараз» футбол орталығының тәрбиеленушілері Қазақстан ұлттық құрамасы мен мәскеулік ЦСКА ойыншысы Бақтияр Зайнутдиновпен кездесті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Жастар» стадионындағы жүздесуде «Батека» балаларға төзімділік таныту мен бапкерлердің тәртібіне бағыну ең басты қағида екенін айтты.

- Көп еңбек етіп, шеберлікті шыңдай беру керек. Бапкерлердің айтқанын тыңдап, оны орындау қажет. Егер қиын болып жатса, сонда да тырысып көріңіздер. Жаттығуда ешқашан оңай болмайды, - деді футболшы.

Кездесуде балалар сауалдар қойды. Ол өз кезегінде ең сүйікті клубы «Тараз», ұнайтын ойыншысы Месси екенін айтты.

Кездесу барысында Футбол орталығының жетекшісі Сергей Пак пен Бақтиярдың бапкері Сүйін Молдашбаев сөз сөйледі. Олар балаларға еңбексүйгіш, мақсатқа жетуге ұмтылыс болса Бақтияр секілді көрсеткішке жететіндерін айтты.