«Тобылдың» бас бапкері Григорий Бабаян «Ақтөбеге» қарсы ойыннан соң пікірін бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ойынды ұйымдастыру тұрғысынан алғанда бірінші таймды жақсы өткіздік. Екі гол соққан соң да мүмкіндіктеріміз болды. Жалпы, бірінші таймдағыдай ойын көрсетсек қарсыласты 2-3 доп айырмашылығымен ұтуымыз керек еді.

Екінші тайм мүлдем көңілімнен шыққан жоқ. Жинақы ойнай алмадық. Жігіттер қарқындарын бәсеңдетіп алды. Үзіліс кезінде оларға босаңсымау қажеттігін айтқан едім. Қарсыластар құрамында шабуыл шебінде жылдам ойнайтын футболшылар бар екенін айттым. Екінші таймда бізде бірнеше мүмкіндіктер болса да, қарсыластардың көп шабуылдауына жол беріп қойдық. Айып алаңында болмайтын тұста қателестік. Мұндай футбол бізге жат. Әрине, чемпионаттағы үзіліс алдында маңызды жеңіске жеттік. Осы қуантады.

Осы сәтті пайдаланып, Қазақстан құрамасына, біздің жігіттерге алдағы ойындарда сәттілік тілеймін», - деді Бабаян.