26 мамырдан 27 мамырға қараған түні 2020/21 жылғы маусымдағы Еуропа лигасының ақтық кездесуі өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Финалда англиялық «Манчестер Юнайтед» пен испаниялық «Вильярреал» кездеседі.

Ойын Польшаның Гданьск қаласындағы «Энерга Гданьск» стадионында өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.

Финалда жеңіске жеткен команда келесі маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне қатысады. Бірақ «Манчестер Юнайтед» Англия чемпионатында екінші орын алып, Еуропаның басты клубтық турниріне жолдамаға иелік етті.

Егер ағылшын клуб Еуропа лигасында жеңіске жетсе, Франция чемпионатында үшінші орын алған «Монако» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтеді.

«Вильярреал» Испания чемпионатын жетінші орынмен аяқтап, Конференция лигасына жолдама алды. Егер бүгін Еуропа лигасында топ жарса, Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік алады.

Еуропа лигасы финалының тікелей трансляциясы Нұр-Сұлтан уақытымен 00:50-де басталады. Ойынды мына СІЛТЕМЕ арқылы көруге болады.