Орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің (41-1-1, 36 КО) 2021 жылдың соңына дейінгі жоспарлары белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz cайты World Boxing News порталына сілтеме жасап.

Мәліметке сенсек, Головкин 31 желтоқсанда орта салмақтағы WBA супер чемпионы жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жұдырықтасуға ниетті. Алайда, дереккөздің айтуынша, GGG командасы Teiken Promotions (Mуратаның өкілдері) және DAZN-мен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде тараптар жылдың аяғындағы дейін аралық жекпе-жектер өткізуге келіскен.

Головкин мен Мурата тамыз-қыркүйек айларында бір кеште жұдырықтасуы мүмкін. Қарсыластардың есімдері әлі нақтыланған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ Головкиннің IBF рейтингінде бесінші орында тұрған бразилиялық Эскуива Фалькаомен (28-0, 20 КО) жекпе-жек туралы келісімі туралы жазған болатын.