«Тұран» командасының ойыншысы Милан Стоянович Prosports.kz сайтына берген сұхбатында жарақаты жайлы, алаңға қашан оралатыны мен алдына қойылған мақсаты жайлы айтып берді.

- Милан, жағдайың қалай? Қалай жарақат алып жүрсің?

- Жаттығуда тізем ауырсынды. Сосын ісіп кетті. Команда дәрігерімен сөйлескен соң, жаттығуды жалғастырамын деп ойлағанмын. Алайда алаңға шыға алмады. Аяғымды МРТ-ға түсіріп, Сербия құрамасының дәрігеріне тексеріске жібердім. Ол ірің бар екенін айтып, ертерек тазалауға кеңес берді.

- Дәрігерлер алаңға қашан оралуға болатынын айтты ма?

- Ота жасатқан соң бір айдан кейін алаңға оралуға болады. Сосын екі апта жаттыққан соң ойынға дайын боламын. Маусымдағы ұлттық құрамалардың матчтары уақытында бабыма келетін шығармын.

- Сербияда емделіп жатсың ба?

- Иә, қазір Сербиядамын. Физиотерапевттің қол астында ақырындап жаттығуларға оралдым. Сондықтан бабымнан айырылып қаламын деп ойламаймын. Ол командадағы жаттығу процесіне толыққанды дайын болатынымды айтып сендірді.

- «Тұран» мансабыңдағы үшінші қазақстандық клуб. Бұл командаға қалай қосылдың?

- Қыста жақсы танысым Таңат Нөсербаев хабарласты. Онымен бірге «Оқжетпесте» ойнаған едім. Басқа командалардан ұсыныс түссе де, Таңат осында келуіме көндірді. Жаңа команда, жаңа стадион, болашағы бар деді. Бас бапкермен сөйлескен соң «Тұранға» қосылуды шештім.