Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Сербияда Belgrade Winner халықаралық бәсекесінде топ жарды. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеген ол Olympic.kz сайтына жарысты қорытындылап берді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Белградтағы халықаралық турнирге дайындық өте жақсы болды. Қарсыластарымның кім болатынын да алдын ала білдік. Соған орай, жаттықтырушыларым жекпе-жек алдында «бойың мен қолыңның ұзындығын пайдаланып, бір орында тұрмай жұдырықтас» деп кеңесін берді.

Финалда қарсыласым болған қырғыз Азат Үсеналиев өте тәжірибелі боксшы. Осыған дейін екеуміз Олимпиадаға іріктеу турнирінде кездескен болатынбыз. Ол кезде де ұтқан болатынмын, кеше де жеңіске жеттім.

Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай жаттығуымызды күшейтіп, Олимпиадаға тыңғылықты дайындаламыз. Төртжылдықтың басты бәсекесіне дейін тағы бір жарысқа қатысум мүмкін. Десе де, бапкерлердің бізге арнайы тапсырмасы бар, сол бойынша еңбек етеміз», - дейді Сәкен Бибосынов.