Аргентинаның Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан – Аргентина матчы басталды.Алғашқы болып кортқа Қазақстаннан әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева, Аргентинадан дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған Надя Подороска шықты. Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Н.Подороска сол додада Ю.Путинцеваны да ұтып кеткен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда аргентиналық теннисші басымдылық көрсетті – 6:2. Екіншісінде қазақстандық спортшы есе қайырды – 6:4. Үшінші, шешуші сетте Ю.Путинцева қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бәсеке екі сағаттай уақытқа созылды.

Осылайша Н.Подороскаға Парижде кеткен есесін қайтарған Юлия Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0.