Бішкекте дзюдодан Азия чемпионатының үшінші жарыс күнінде қос қазақстандық спортшы жұбаныш финалына жолдама алды.

Ерлер арасында аса ауыр салмақта татамиге шыққан Ерасыл Қажыбаев пен әйелдер арасында 78 келіден жоғары салмақта белдескен Камила Берліқаш жарыстың қола жүлдесін сарапқа салады.

Ерасыл Қажыбаев жұбаныш кездесуінде өзбекстандық Әлішер Юсуповты ұтса, Камила Берліқаш қырғызстандық Нагира Сарбшованы ұтты.

Қола жүлде үшін белдесуде Ерасыл Қажыбаев тәжікстандық Темур Рахимовпен кездессе, Камила Берліқаш Оңтүстік Корея спортшысы Хаян Киммен белдеседі. Жарыстың финалдық кезеңі Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де басталады.

Айта кетерлігі, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Ислам Бозбаев жұбаныш кездесуінде қырғыз балуаны Ерлан Шеровқа есе жіберді. Сондай-ақ, 100 келіде белдескен Айбек Серікбаев та жарысты сәтсіз аяқтады.