3 сәуірде Дубайдағы (БАӘ) Caesars Palace Dubai ойын-сауық кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оның аясында қазақстандықтар Жанқош Тұраров пен Тұрсынбай Құлахмет шаршы алаңда бақ сынайды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Екі қазақстандық боксшы да чемпиондық белбеулерін қорғайды. Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) бірінші жартылай орта салмақта WBO Inter-Continental титулын солтүстік ирландиялық Тайрон Маккеннаға (21-2-1, 6 KO) қарсы айқаста қорғап көрмек. Тұраров бұл белбеуді 2019 жылдың 6 шілдесінде Нұр-Сұлтанда өткен жекпе-жекте жеңіп алды. Елордада ол үшінші раундта аргентиналық Мауро Максимилиано Годойды (34-6-1, 17 КО) техникалық нокаутпен ұтты.

Венесуэлалық Эбер Рондон (20-0, 13 КО) қазақстандық Тұрсынбай Құлахметке (2-0, 1 КО) тиесілі бірінші орта салмақтағы WBC International титулына таласады. Тұрсынбай өткен жылдың 11 қарашасында Саут Киркбиде (Йоркшир, Ұлыбритания) британдық Маколей Макгоуды (14-2-1, 3 КО) тізе бүктіріп, дәл осы белбеуді беліне таққан еді.

Дубайдағы бокс кешінің тікелей эфирі Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де басталады.